«Қазақтың ұлы ойшылдары» тақырыбындағы әдеби кеш

 

«Алаш көсемі» Әлихан Бөкейханов  туғанына 155 жыл, «Тіл білімінің атасы» Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл.

Мақсаты:

Оқушыларға алаштың Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханов және Ахмет Байтұрсынов пен  таныстыра отырып, адамгершілік, рухани тәрбиеге тәрбиелеу. Қазақ автономиясының құрылуы туралы ақпарат беру. Тәуелсіз ел болу жолында тер төккен азаматтарды насихаттау, таныту.

 

Кештің барысы:

Жүргізуші:Қайырлы күн, қадірменді қонақтар, еңбегі асыл, білімі зор, ғибраты мол, ұстаздар! Білімқұмар өсер ұрпақ!

Биылғы жыл– халқымыздың  көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты  ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын- аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Оған қоса дәл осы жылы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізiн сaлушы, әрі көсeмі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толып отыр. Бүгінгі кешіміз осы қазақтың ұлы ойшылдарына арналады.

Ендеше қонақтар, әдеби кешіміздің алғашқы баспалдағы Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының өмір жолы жайында ұсынылатын материалдар болмақ. 

  • Презентация: Әлихан Бөкейханұлы – Шайзада Самал

Келесі материалдарға кезек берейік.

  • Презентация: Ахмет Байтұрсынов – Әлібек Аружан

Көп рақмет, ұсынылған деректерден соң, бүгінгі кешті ашу үшін _________________шақырамыз (шараның мақсатын, мәнін, маңызын түсіндіреді).

Айтылған ақпараттарды жанды пікірмен толықтырмақ үшін ортамызға Әдебиет пәнінің мұғалімі_____________________________ шақырамыз (Алаш ардақтылары туралы бірер сөз).

Жүргізуші:Иә, өздеріңіз тамашалағандарыңыздай, ұлт тағдыры шешіліп, білім мен ғылым даму жолына енді түскен кезеңде шешуші қызмет атқарып, ұлт тарихының, тілінің дамуына өлшеусіз оң ықпалын тигізген Алаш азаматтары туралы біршама ақпарат алдық. Олай болса, ендігі кезек ұлт ойшылдарының шығармашылығынан үзіндіге келіп жетті. Алдарыңызда ________________(авторын атын өздері айтады)

  1. «Досыма хат» Айжан 8 «А»

Достыма хат

Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай!

Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай.

Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.

Сынайтын жақсы менен жаманды өлшеп,
Құлдықтың қолдарында көзі жатыр.
Кешегі кеңшілікте керек қылған
Бостандық болмаған соң, безіп жатыр.

Айтқанмен таусыла ма оны-мұны,
Талайдың таңдамалы түпкі сыры:
Жанасқан шын көңілмен жақындық аз -
Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.

Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма
Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?!

 

  1. «Аққу, Шортан һәм Шаян»

 

Аққу, шортан һәм шаян

Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.
Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз болмады.
Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Аслан жүк орнынан қозғалмады.
Оншама ол жүк артық ауыр емес,
Құр сырттан «пәлен» деу де тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бырыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
* * *
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.

 

«Жұртыма»

Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!

Жүргізуші:Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетик. сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.

Ән: «Абайдың әні»

 

Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс,татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсыновтың «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929): «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген.

 «Алаш» партиясы құрылуы.

Жүргізуші: Әлихан Бөкейхановтың қамалғаннан кейін тергеушіге берген жауабындағы: «Мен сырымды екі-ақ адаммен бөлісе аламын. Олар – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов» – деп айтқан сөзінен Әлихан мен Ахмет Байтұрсынұлының ерекше дос, пікірлес болғанын да байқаймыз. Алаш партиясын құру арқылы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланды. Ә.Бөкейханның Ахмет пен Міржақыпқа түрмеде жазған хатында «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер...» деп, жігерлендіріп, ақ пен қараны айыратын ұрпақтың келетініне еш күмән келтірмеді... Сондықтан ұлттың азаттығы үшін күрескен қазақ зиялылары түрмеге қамалып, “халық жауы” саналып жатса да, қазақтың аспанынан бұлт арылар күннің келеріне сенді. Бұл сенімді ұялатқан Әлихан еді. Назарларыңызға Әлихан Бөкейхан туралы бейнематериалды ұсынамыз.

https://www.youtube.com/watch?v=LYdpGZCir74

5:55 Әлиханның ұйымдастыруыен деп басталады 9:57 да тоқталады.

 

 

Жүргізуші: Бейнематериалдан байқағанымыздай, Қазақ ұлтының ұлт болып қалыптасуында Әлихан мен Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше. Бірі ұлтты ағарту, халыққа білім беру ісімен айналысса, екіншісі қазақты қайткенде тәуелсіз етем деп жан ұшырып, ұлт ұстазы мен ұлт көсеміне айналды. Келесі кезекті ұлы ойшылдарымыздың шығармашылығына арнайы дайындалған көрмеге береміз.

  1. «Көрме» екеуінің кітаптарынан –таныстырылады

 

ПАТРИОТТЫҚ БІР ӘН

 

  1. «Ә. Бөкейханның – қазақ әдебиетіндегі орны. –

 

Жүргізуші:  Әлиханды көзі тірісінде өлеңге қосқан ақын әрі публицист – Сұлтанмахмұт Торайғырұлы өзінің Таныстыру поэмасында: С.Торайғырұлы Ә.Бөкейханның көркем тұлғасын суреттеп, Алаш серкесіне лайықты баға береді:

«Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі?

Демейді қандай қазақ оны оң көзі,

Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,

Талассызжеке дара тұрғойөзі.

Еліүшінқұрбандыққажанынберген,

Бит, бүрге, қандалағақанынберген.

Ұрыдайсасықауа, темірліүйде.

Зарығыпалашүшінбейнеткөрген.-деп баға береді.

 

Жүргізуші:Қазақ тарихындағы үлкен саяси қайраткер, Алаш Орда үкіметінің төрағасы, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхан ұлт бостандығы мен зайырлылығы жолында жасаған қоғамдық-саяси қызметі үшін әр жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, әлденеше рет түрмеге қамалған. Алаш ардақтысы түрмеге түскенде де, үйқамақта отырғанда да ел еркіндігі жөніндегі ойларын қағазға түсіріп, тіпті, әдеби аудармалар жасап, абақтыда да шығармалар жазған-ды.

Әлиханы Алаштың

Бостандық пен Туысқандық, Теңдік деп,
Адамзаттың ойын жырмен өрнектеп.
Асқар тауым тірек болдың еліңе,
Зар заманда қу түнектен жетектеп!
Ой ақтарып ой кеудеңнен сыр саңдық,
Жол көрсетіп болашаққа із салып.
Алашорда, Қазақ үйім іргесін,
Қалап бердің ошағына от жағып!
Көтердің де еркіндіктің жалауын,
Талқандауға құлдық құрсау бұғауын.
Отаршылға күрес аштың жасқанбай,
Бабалардың қолына ұстап алауын.
Кешсең дағы қияметін азаптың,
Бар тілегің басын қосу қазақтың.
Ақ жолында дем біткенше тынбадың,
Отын кешіп қызыл құйын тозақтың!
Әр жүректі бөлей білген сезімге,
Ұлылықтың үні жатты сөзінде.
Арыныңнан жазбай алға тарттың сен,
Асыл мұрат артқасын ел өзіңе.
Көсегесін көгертем –деп, халқыңның,
Көптің қамын ойлауменен алқындың.
Алаш, Алаш шақырғаның бірлікке,
Бабалардан жеткен асыл алтыным!
Жету үшін ел аңсаған ақ таңға,
Қайыспадың мұз жастанып жатсаң да.
Сәуле төктің табандылық танытып,
Көмілмеске қасіретті от шаңға.
Мен өзіңе қалай ұқсап тартпаспын,
Бойда қаның жарқылдаған алмасым.
Ән ұраным орындалса сен бірге,
Тіл қатасың Әлиханы Алаштың!

  1. «Малшы мен Маса»

Малшы мен маса

Бір Малшы көлеңкеге келіп жатып,
Қасқырдан иттеріне сеніп жатып,
Үстінде көк шалғынның,
самал жерде тырайып қалды
сабаз ұйықтап қатып.
Келеді қара жылан шағайын деп,
Қапысын ұйықтағанда табайын деп.
Малшыны сол уақытта Маса шақты,
Оятып, бұл бәледен қағайын деп.
Ұйқысын Малшы оңды ашпай тұрып,
Өлтірді шағып тұрған Масаны ұрып.
Көтеріп жерден басын біраздан соң,
Қарады жан-жағына мойнын бұрып.
Жыланды көрген шақта малшы өкінді,
Достығын Сарымасаның сонда ұғып.
Сөзімнің сөкпеңіздер шолақтығын,
Демеңдер сөз жазуға олақтығым.
Жыланды Малшы көріп болғаннан соң,
Келмеді бір-біріне жолатқызғым.

* * *
Мысалы қазақ - малшы ұйықтап жатққан,
Жыланды бәле делік аңдып баққан.
Оның түрін көрген мен - Сарымаса,
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.
Ойлаймын осы сөз де жетеді деп,
Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп,
Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді,
Қорқамын, Сарымасадай етеді деп.

 

  1. «Иттің достығы»

Иттің достығы

Бір байдың Төрткөз, Мойнақ төбеттері,
Өздері, ит болса да, әдепті еді.
Түнде үріп, күндіз үрмей, жай жатататын
Болады әдепті иттің әдеттері.
Түс мезгіл екі төбет тойып жатып,
Кемпір наз-өкпелерін қойып жатып,
Ас үйдің алдындағы күн шуақта
Сөйлесті әр нәрсенің басын шатып.
Сөз қылды жақсылықты, жамандықты,
Жомарттық, мырзалық пен сараңдықты.
Достықтың, дұшпандықтың жайын сөйлеп,
Қолға алды татулық пен араздықты.
Тілмарсып сол уақытта айтты Мойнақ:
«Менсіз-ақ қара, Терткөз, өзің ойлап.
Дүниеде одан артық не нәрсе бар -
Тұрғаннан татулықпен күліп-ойнап?!
Дос болсаң құшақтасып, жанға балап,
Сөз айтсаң бір-біріңе «шырақ, қарақ»,
Алты күн ашаршылық көрсең дағы,
Жемесең бірің жоқта бірің тамақ;
Достың дос жұлдырмаса жауға түгін,
Еш нәрсе айырмаса ара-жігін,
Бірінің қабағына бірі қарап,
Білмесе күннің қалай өткендігін! -
Не бар деп дүниеде мұнан артық,
Мен қалып бір қиялға тұрмын бүгін.
Жолдыаяқ, ақсақ Құтпан, жаман Сарқұс,
Солар да тату боп жүр, біздер түгіл».
Сөйледі маңызданып енді Төрткәз:
«Мойнеке, мұның әбден айтарлық сөз.
Тұрмайтын бір күн тату неміз бар деп,
Мен дағы ойлаушы едім осыны әр кез.
Не келіп, тірі жүрсең, не кетпейді,
Араз боп, екеуімізге не жетпейді?
Тамақ тоқ, өркені өссін иеміздің!
Тыюсыз сөгіп-соқпай, құрметтейді.
Расын рас демей, танамыз ба,
Бір тәулік татулық жоқ арамызда.
Тұрмайтын ренішке сәл нәрсеге
Екеуіміз таласамыз, барамыз да.
Мұндай іс арасында болған емес,
Көз салсақ бұрынғы өткен бабамызға.
Атаның жолын қумай, лаққанда,
Тура жол сонан артық табамыз ба?».
Бұл сөзге көңілденіп, Мойнақ тасты,
(Ол үлкен, онан гөрі Төрткез жас-ты)
«Төрткөзім!», «Мойнекем!» деп бірін бірі,
Дос болып, серт айтысып, құшақтасты.
Екеуі бірін бірі сүйді, құшты,
Қызығы басылмаған достық күшті.
Ас үйден лақтырылған бір омыртқа
Солардың нақ жанына келіп түсті.
Көрген соң майлы сүйек, ит тұрар ма,
Құшағын жазып ала жүгірісті.
Достықты, айтқан сертті былай қойып,
Екеуі бір-біріне салды тісті.
Досты дос мұнан артық қалай сыйлар
Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты.
Су құйып үстеріне, жиылған жұрт
Екеуін зордан ғана айырысты.

* * *
Иттерге таласса да жарасады,
Әйтпесе ит өдетін адасады.
Дос болған адамдарға қарап тұрсақ,
Биікпен тең деп болмас аласаны.
Сүйектей арасына нәрсе түссе,
Иттерден олар артық таласады.

  1. «Сен білмейтін қызықты мәліметтер»

Жүргізуші:

  1. «Атамекен» әнімен аяқталады. Оқушылар

ҚОРЫТЫНДЫ

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өз өмірін ұлтына арнаған Әлихан Бөкейхан мен «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп ұрпағы үшін жан аямай еңбек қыдған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған әдеби кешіміз өз мәресіне жетті.

 

А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы. Кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол ғылым саласында қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде А.Байтұрсынұлы осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесі» түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да тұңғыш рет  жасады. А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Ал 1914-1915-жылдары және одан кейінгі жылдары 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған «Тіл-құрал» оқулықтарында (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген және қолданыла беруге тиіс зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты терминдер жүздеп кездеседі. Ғалым еңбектерінен қимыл атау формасымен келетін аңдау, ауыстыру, әсірелеу, әсерлеу, байымдау, бернелеу, бүкпелеу, дамыту, кейіптеу, көріктеу, мезгеу, меңзеу, теңеу, түйдектеу, үдету, шендестіру сияқты әдебиет тану терминдері мен демеу, жалғау, үстеу, шылау тәрізді тіл білімі терминдерін көптеп кездестіруге болады.

 

Сұлтанхан Аққұлұлының зерттеулеріне сүйенсек, Әлихан Бөкейханұлының қазақ тілді баспасөз бетіндегі бүркеншік есімі «Қыр баласымен» ғана шектелмейді. Қазақ тілді басылымдарда жоғарыда аталған есіммен қатар, «Ғалихан», «Ғ.Б.» немесе «Ә.Б.», «Ә. Н.», «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай» және «V» сияқты бүркеншік аттары ұшырасады. Арасында бұрындары естімеген, таңсық есімдер де бар. Олар көбіне орыс тілінде жарияланған мақалаларға тән. Айта кетсек, «А.Н.», «Мусульманин», «Киргиз», «Степняк», «Киргиз - Степняк», «Дала баласы», «Туземец», «V», «А.Б.», «Статистик», «Киргиз – кайсак», «Алихан», «Ал. Кочевник». Сонымен қатар, «Уак», «Читатель», «Наблюдатель», «Обыватель» және «Н.Ш.» сияқты беймәлім есімдермен жарияланған мақалалар авторының қолтаңбасы Әлихан Бөкейханұлына тән дейді зерттеуші.